«Жас ұрпақпен сырласқан алты белес»

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне және Павлодар қаласының №2 Балалар кітапханасының 60 жылдық мерейтойына арналған «Жас ұрпақпен сырласқан алты белес» атты библиомикс шарасы өтті. Шараның басты мақсаты – кітапхананың алпыс жылдық тарихын насихаттау, кітап оқу мәдениетін дәріптеу, жас ұрпақтың рухани дамуына үлес қосқан кітапхана қызметкерлерінің еңбегін құрметтеу және оқырмандарды кітап әлеміне баулу. Мерекелік кештің ашылу салтанатында қатысушыларға кітапхананың қалыптасу және даму жолы таныстырылып, оның балалар тәрбиесі мен білім беру саласындағы маңызы туралы айтылды. Кітапхана тарихына арналған мазмұнды бейнебаян көрсетіліп, қонақтар мекеменің жетістіктерімен және жүзеге асырып келе жатқан жобаларымен танысты.
Іс-шараға Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшылығы, қала әкімдігінің өкілдері, кітапхана ардагерлері, тұрақты оқырмандар, балалар, ата-аналар және қала тұрғындары қатысты. Көп жылдар бойы кітапхана саласында еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына үлес қосқан ардагер кітапханашыларға ерекше құрмет көрсетілді. Оларға естелік сыйлықтар табысталды.
Кеш барысында кітапхана тарихының жарқын беттері еске алынып, кітапхананың әр жылдардағы қызметі, оқырмандармен жүргізілген жұмыстар, мәдени-ағартушылық жобалар мен жетістіктері туралы айтылды. Сонымен қатар балалардың қатысуымен шығармашылық нөмірлер ұсынылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Алпыс жыл бойы кітапхана бірнеше буын оқырмандары үшін білім мен мәдениеттің, достық пен шығармашылықтың ордасына айналды. Бүгінде кітапхана балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Мерейтойлық шара кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, кітаптың қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Комментарии запрещены.