10 тамызда Қазақстанда философ, ақын, ағартушы және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың туғанына 179 жыл – Абай күні салтанатты түрде атап өтіледі. Осы мерекеге қарсы 2024 жылғы 8 тамызда № 3 көпшілік кітапхана қызметкерлері «Абай — ұлы тұлға» атты портрет кешін өткізді. Іс-шараға қатысушылар Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығының қызықты фактісімен, оның қоғамдық және аударма қызметімен, абайтану ғылымының дамуымен танысты. Өз сөзінде «Асыл жандар» кеңесінің төрағасы Бақыт Муликова Ұлы ақынның музыка саласында орасан зор мұра қалдырғанын, ал кеңес мүшелері «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындап, оқырмандарға ерекше көңіл-күй сыйлағанын атап өтті. Балалар Абайдың өлеңдерін оқып, оның ойлары мен философиясы әлеміне үңілді. Ойын түрінде өткізілген сұрақ-жауап қатысушыларға Абай және оның шығармашылығы туралы білімдерін тексеруге мүмкіндік берді. Іс-шара соңында «Ұлы халықтың – ұлы Абай» кітап көрмесінде ұсынылған ақын шығармашылығын, Абай дәуірін сипаттайтын әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға шолу жасалды.