2019 жылдың 23 қаңтарында сағат 15.00-де П. Васильев атындағы Коворкинг орталығында Ақсақалдардың «Ұлағат» бірлестігі мен қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары бірлесе отырып «Біз қандай кітап оқып жүрміз?» тақырыбында Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледж студенттерімен және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен өзара пікір алмасу өткізді.
Кітапханашы Жұмабекова Айкен Айтмағамбетқызы өз кіріспе сөзінде кітаптың маңызы, кітап оқудың пайдасы туралы бес минуттық тұжырымды әңгімесін айтып өтті.
Осыдан кейін ақсақалдардың өздері оқып жүрген кітаптары туралы пікір алмасулары болды.
Ұлағатты ұстаз, білікті ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның «Бес анық» кітабы бойынша алғашқы сөз кезегі зейнеткер, тіл жанашыры Ульян Мақұлұлынан бастау алды. Өз сөзінде Ульян Мақұлұлы тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекен жайында әңгімеледі. Шынында бұл бес құндылық қазақтың ұлт ретіндегі қасиеті мен болмысын, танымы мен тамырын, жаны мен рухын көрсететіндігін қозғады. Жыршы Даниял Сабырұлы осы кітаптан үзінді оқыды.
Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдіковтің «Оң қол» әңгімелер жинағы бойынша жазушы Ақын Алақанұлы осы әңгімеде Алма дейтін сырқат қыз туралы баяндап берді.
Жазушы Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» тарихи кітабы бойынша Аманжол Сыздықұлы Тауасарұлының ел-жұртының тәуелсіздігі жолында арыстанша алысып, опат болған көптеген ерлердің аты-жөні айтылып, ерліктері баяндалған, исі қазаққа әйгілі тұлғалар жайында сүйсіне жазғанын әңгіме етті.
Жазушы, аудармашы, түркітанушы, ғалым Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» повесі бойынша Совет Әмірханұлы ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы , адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болғандығы жайлы әңгімелеп берді.
Жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» туындысы бойынша жазушы, аудармашы Серік Қинаятұлы повесте салт-сана, дәстүр, ұлттық келбет өте шынайы суреттелгендігі жайлы баяндады. Сондай-ақ қалың мал туралы да сөз етті.
Кеш соңында мерейлі жасқа толған Бақытжамал Әкемиқызы мен Бәкібай Рамазанұлы марапатталды. Жалпы суретке түсіру ұйымдастырылды.
Қатысқандар саны: 54 адам. Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледж студенттері және ПМПУ студенттері
Жауаптылар: Оқу залының кітапханашылары