20 қазан күні № 4 көпшілік кітапханасы Павлодар технологиялық колледжінің конференция залында, колпедж шәкірттеріне «Өнер алды — қызыл тіл» атты әйгілі павлодарлық ақын, журналист Шолпан Байғалымен 70 жылдық мерейтойына арналған кездесу кешін өткізді. Шараға Шолпан Байғалының кітаптары қойылған «Өнер алды–қызыл тіл» атты кітап көрмесі безендірілді. Шараны кіріспе сөзбен жүргізушілер Әтем Нұрсұлтан және Әбдіғаппарова Ақторғын /ПМТК-ЭП-121-тобының студентте-рі/ ашты. Шара Ш. Байғалының «Сезімді қайтем тулаған» атты өлең жолдарының бейне сюжетімен жалғасты.
Жүргізушілер қонағымыздың өмірі және шығармашылығы туралы айтты. 1974 жылы Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіреді. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. 70-80-ші жылдары облыста ақындар айтысын қайтадан жандандыруға ат салысқан, алғашқы айтысқа шыққан айтыскер қыздардың бірі. «Достық шеңбері», Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына арналған айтыстарда жүлделі орындарды иемденген. Тоқсаныншы жылдары Алматыда өткен республикалық Наурыз айтысы мен Қызылжарда өткен Мағжан Жұмабаевтың, Көкшетауда өткен Ақан Сері Қорамсаұлының, Шымкентте өткен Қажымұқан Мұңайтпасовтың республикалық айтыстарына қатысқан. «Көктем тынысы» кітабында («Жазушы» баспасы, 1972 ж.) өлеңдер топтамасы, «ЭКО» баспасынан «Ай-нұрым менің» (2000 ж.), «Еркелеймін Ертіске» (2003 ж) кітабы, «Сезімді қайтем тулаған» (2006 ж.) өлеңдер жинағы және «Қазақ журналистикасының тарихынан лекция курсы» (2008 ж.), «Сыр сандық» өлең-әңгімелер жинағы жарық көрді. Жергілікті орыс ақыны Ю.Примак, О.Григорьеваның, неміс тілінде өлең жазған Н.Ваккердің орыс тіліндегі өлеңдерін қазақшаға тәржімалаған.
Сөз кезегі ақын Шолпан Байғалыға беріліп, шараның ерекшелігі «Қызылтаң — алтын бесігім» атты кітабының тұсау кесері болды. Кітапханаға кітабын сыйлады.
Шолпан Байғалы өлеңдерінің жазылу тарихы туралы қызықты әңгімелеп берді. Оқушылар өздерін қызықтырған сауалдар қойып, сұхбат ақынмен әдемі жалғасты. Ақын өзінің «Ұят болады» өлеңін оқып берді. Әрі қарай шарамыз ән-шашу мен жалғасты. № 40 мектептің оқушысы Нургали Айгеримнің орындауында «Домбыра туралы баллада», «Тек алға» әндерін шырқап өзіне тәнті етсе, колледж шәкірттері Саудабекова Элеанора мен Сабитова Мейрамгүл «Әдемі-ау» әнімен оқырмандарды баурап алды.
Іс-шара аяғында меңгеруші Мұхтарханова Гүлнәр Декдарбекқызы ақын апамызды мерейтойымен құттықтап, гүл шоғын және кішігірім сыйлық ұсынды. Колледждің күндізгі бөлім меңгерушісі Матыбаева Айша Жылқыбайқызы да өз үлесін қосып, құттықтау грамотасын сыйлады. Қатысқандар — 70 адам.