2022 жылғы 10 қазанда Орталық қалалық кітапхананың Олжас Сүлейменов атындағы оқу залында «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, журналист Ғалымбек Сағымбайұлы Жұматовтың 70 жылдығына арналған «Қиянға құлаш ұрған қаламгер» атты кездесу кеші болып өтті. Оқу залында кездесу кешіне орай жазушы Ғалымбек Жұматовтың шығармашылығына байланысты кітапхана қорындағы кітаптарынан, жергілікті мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларынан «Қиянға құлаш ұрған қаламгер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жерлесіміз Ғалымбек Жұматов «Сағыныш сазы», «Кемелді елдің Кемері», «Сары белең» жыр жинақтарының, «Ана өсиеті» поэтикалық эссе, «Антивирус» т.б. жарық көрген жинақтардың авторы. Бүгінгі кездесу кешіне қаламыздың белгілі тұлғалары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жергілікті әншілер мен студенттер қауымы қатысты. Алғашқы құттықтау сөз орталықтандырылған кітапханалар жүйесі басшысының міндетін атқарушы Гүлсара Қабдоллақызы Балакина қаламгер Ғалымбек Жұматовты 70 жас мерейтойымен құттықтап, өз жылы лебізін білдірді. Келген қонақтар мерейгерді мерейлі жасымен құттықтап, қаламгердің еңбек жолындағы өздерінің ой-пікірлерін, ықыластарын білдіріп, тілектерін айтты. Қаламгердің шығармашылық жолына, жеткен жетістіктеріне, бүгінгі күнге дейін атқарған қызметтеріне тоқталып, өлкеміздің игілігі үшін жасап жатқан мәдени, рухани, әдеби қызметі жайлы кеңінен тоқталып кетті. Шара барысында кітапханамыздың тұрақты және жас оқырмандары ақынның өлеңдер жинағынан жыр шумақтарын және ақынға арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Осыдан кейін Естай атындағы мәдениет сарайының әншілері Асем Даутова мен Бауыржан Ахметовтың орындауларында халық әні «Дәурен-ай», және «Кең далам», «Айналдым елім» әндері шырқалды.