Ұлттық салт-дәстүріміздің ішінде жалпы қазақтық мейрамдарымыздың бірі – қымызмұрындық. Ел жайлауға шыққанда жазғытұрым аталып өтетін – қымыз тойы. Қазақ жерінде қымызмұрындық әртүрлі аталады. Жетісу, Батыс Қазақстанда қымызмұрындық, Сарыарқада биемұрындық, Шыңжаңда биебау, Моңғолияда бие байлар, т.с.с., бірақ бәрінің мағынасы бір. Қытымыр қыстан жүдеп-жадап шыққан көшпенді ел жайлауға шығып жадырап, сағынған сүйікті сусынын, бүкіл халық болып ішіп, нағыз мейрамға айналдыратын. Жалпы ұлттық сипаты жағынан қымызмұрындық Наурыз мерекесі мен Құрбан айттан кем түспейді.
Қымызмұрындық мейрамын шартты түрде екі түрге бөлуге болады. Бірінші – бие байлар. Ел жайлауға көшкен соң сауылатын биелерді бөле бастайды. Ауыл ақсақалдары өзара кеңесіп, бұл іске ерекше ден қояды, желілерді тартқыздырады, асау биелерді ұстау үшін мықты жігіттер дайындайды. Сабалар мен көнектерді әйелдер әбден жуып, желіге кептіріп қояды. Жігіттер желінің жібін тартып, қазықтарын қағып, тоқпақтарын сайлайды. Сағат 10-11-лерде бүкіл ауыл адамдары желінің басына жиналады. Жылқышылар құлынды биелерді айдап әкеледі, дайын тұрған жігіттер құлындарды ұстап желіге байлай бастайды. Құлындарды байлап болған соң, әйелдер мен қыздар желі басына піскен ет, құрт, ірімшік, тағы басқа тағамдар әкеледі. Барлығы отырып тамақ ішеді. «Байлар көбейсін!» деп тілектер айтылады. Желіге, айғырдың жалы мен сауырына сары май жағады. Мұны «бие байлар» деп атайды. Бие байлардан соң қымыз ашыту басталады. Ашытқысы барлар күнделікті саумалды бір-біріне қоса отырып, қымызмұрындыққа дайындайды. Ашытқыны «ұйытқы» немесе «қор» деп атайды.
Қымызмұрындық Ұлыстың ұлы күні – Наурыздан кейінгі қазақтың ұлы тойы.